Suivant

Ұстаз-ананы еске алды

07/03/24
QYZYLORDA TV
Dans Asie / Kazakhstan

Қармақшы ауданында тыл ардагері, ұлағатты ұстаз Ақбалыш Жалғасованы еске алуға арналған жазба ақындар мүшәйрасы өтті. «Аналарды ардақтайық» жобасы аясында биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған жыр додасында 20-ға жуық жас ақын сайысқа түсті. Жарты ғасырға жуық ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Ақбалыш Жалғасова 1930 жылы Қармақшы ауданы, Қосарық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1949 жылы Ворошилов мектебінде мұғалім болып бастаған ол әр жылдары Тұрмағамбет, Ақжар, Жаңақала ауылының балаларын біліммен сусындатты. Аудан әкімі еңбегімен ел жадында жатталған ұстаз ананың өнегелі өмірінен сыр шертіп, ақындарға сәттілік тіледі. «Ақбалыш Жалғасқызы тағылымы мол, тәлімі терең, дастарқанды жан болатын»,- дейді көзкөргендер. Азаматының қас-қабағын бағып, үйдегі бес баланың ғана емес, ауыл балаларының санасына сәуле құйды. Біреудің ала жібін аттамауды зердесіне тоқытты. Білікті педагог, тәжірибелі маман әрбір істе жаңашылдығымен озатын. Ұрпақ тәрбиесінде әкенің болмысын биіктеткен жан Сәден Нұртайұлымен бірге 5 перзент өсіріп, немерелерінің қызығына кенелді. Жыр мүшәйрасына қатысқан ақындар алғашқы кезеңде Ақбалыш анаға арнауын оқыса, екінші кезеңде Қорқыт бабаны жырға қосты. Көпшілікке рухани азық сыйлаған жыр додасына әр жылдары бас жүлдені иеленген ақындар қонақ ретінде қатысып, анаға деген құрметтің үлгісін дәріптеді. Мүшәйра қорытындысында сырдариялық Ақтөре Ибрагимұлы мен қызылордалық Бексұлтан Санақұл арнайы жүлдені иеленді. Жүлделі ІІІ орынды Жалағаш ауданынан келген Ақбота Жәли мен қызылордалық Ақерке Балманова өзара бөлісті. ІІ орын шиелілік Бекжан Ержігіттің еншісінде қалса, жаңақорғандық жас ақын Дәулет Сұлтанғалиға І орын бұйырды. Жыр додасының бас жүлдесін Қармақшы ауданынан Диас Мустахимов иеленді. Сондай-ақ, айтыстың барлық қатысушылары мен жүлдегерлеріне диплом мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сайт - https://qyzylordatv.kz/ru/live Facebook - https://www.facebook.com/qyzylordatv/ VK - https://vk.com/qyzylordatv Instagram - https://www.instagram.com/qyzylordatv/ Telegram - https://t.me/qyzylords_tv Tiktok -https://www.tiktok.com/@qyzylorda_tv/

Montre plus

 0 commentaires sort   Trier par


Suivant